01
сентябрь
2017
Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ №49 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ІШКІ ТӘРТІП ЕРЕЖЕСІ
(Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп гимназиясының 29 тамыз 2017 жылғы педагогикалық кеңесінің №1 хаттамасының шешімімен бекітілген.)
1.ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1.1.Ішкі тәртіп ережесі мектеп-гимназияда ыңғайлы еңбек жағдайын, әрбір оқушының табысты білім алуын, жеке тұлғаны және оның құқықтарын құрметтеу тәрбиесін, мәдениетті мінез-құлықты дамытып, қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру мақсатында қабылданады.
1.2.Ішкі тәртіп ережесі мектеп-гимназияда оқу-тәрбие үрдісін нақты ұйымдастыруға, мектеп әкімшілігі, педагогикалық ұжым және ата-аналар (заңды өкілдер) арасындағы өзара қарым-қатынасты реттеуге қажет.
1.3 Ішкі тәртіп ережесі Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңдарының және мектеп-гимназия Жарғысы негізінде жазылған.
1.4. Ішкі тәртіп ережесі мектеп-гимназияның Педагогикалық Кеңесінде қабылданып жалпымектепішілік ата-аналар жиналысында келісіліп, мектеп-гимназия директорының бұйрығымен бекітіледі.
1.5. Ішкі тәртіп ережесіне мектеп-гимназияның жұмыс кестесінде өзгерістер және басқа да объективті жағдайларға байланысты өзгерістер енгізілуі мүмкін.
1.6. Ішкі тәртіп ережесін мектеп-гимназияның кез келген оқушысы мен ата-анасы (заңды өкілі) орындауы тиіс. Осы ережені орындмаған жағдайда Мектеп Жарғысы мен Ішкі тәртіп ережесіне сәйкес тәртіптік шара қолданылады.
2. Оқушылардың жалпы тәртіп ережесі.
2.1. Оқушылар мектеп әкімшілігінің, сынып жетекшісінің барлық үкімдерін орындайды.
Мектеп-гимназияға - І ауысым оқушылары – сағат 7.30 , ІІ ауысым оқушылары –сағат 13.30 келулері керек.
2.2. Оқушының себепсіз сабақтардан қалуына қатаң тыйым салынады. Егер нақты себептерге байланысты сабақтан қалса, айғақтайтын құжат тапсырады (медициналық анықтама және т.б.)
2.3. Мектепке келгенде әдептілік сақтап, сырт киімдерін арнайы орынға шешіп, сынып бөлмелеріне барады.
2.4. Оқушы сабаққа келгенде сабақ кестесін және мектеп –гимназия әкімшілігі ілген хабарландыруларды қарауы тиіс.
2.5. Оқушылар мемлекеттік жалпы білім беру стандартының талабына сәйкес білім білік дағдыларын игеруге міндетті.
2.6. Оқушылар күнделікті мектеп-гимназияға керекті оқу құралдарын, кітаптарын, дәптерлерін, күнделігін алып келуі тиіс. Сабақ кестесіндегі пәндер бойынша үйге берілген тапсырмаларды орындап келулері керек. Сабаққа кешіккен жағдайда мұғалімнен кешірім сұрап, сабаққа кіруге рұқсат сұрап, өз орнына отыруы тиіс.
2.7.Оқушылар мұғалімнің, мектеп-гимназия қызметкерлерін, сонымен қатар сыныптастарын және басқа оқушылардың қадыр-қасиеті мен ар-намысын құрметтеуге міндетті. Мектеп-гимназия оқушылары үлкендерді сыйлайды. кішілерге қамқорлық жасайды. Мектеп-гимназия оқушылары мен мұғалімдері бірін-бірі сыйлайды. Оқушылар үлкендерге, жоғары сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларына, ер балалар қыздарға жол береді.
2.8. Мектеп-гимназия оқушылары мектеп-гимназия мүлкіне ұқыпты қарап, мебельдердің, оқулықтардың, санитарлық техниканың бүлінуіне жол бермейді. Стендтерге, партаға жазуға болмайды.
2.9. Мектеп-гимназия оқушылары мектептің аумағындағы, санитарлық тораптағы, дәліздердегі, сынып бөлмелеріндегі тазалықты сақтауға, кіші шаруа қызметкерлерінің еңбегін сыйлауға міндетті.
2.10. Мектеп-гимназияға және оның аумағына қару, жарылғыш және отқа қауіпті, үшкір кесетін-тесетін заттар мен спирттік ішімдіктер , наркотикалық және ақыл-естен айыратын дәрі –дәрмектер және улы заттар, газ баллондарын алып келуге тыйым салынады.
2.11.Сабақ уақытында, сыныптан тыс іс-шаралар өтіп жатқан уақытта, сонымен қатар үйірмелер мен факультативтік сабақтар уақытында мектептен және оның аумағынан педагогтардың рұқсатынсыз кетуге болмайды.
2.12.Ер балалардың шаштары қысқа алынған, қыздардың шаштары жинақы өрілген болуы тиіс.
2.13. Оқушылардың мектеп формасында келуін қамтамасыз етеді. (Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрінің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы, 13 тармақ)
2.14. Қатаң тыйым салынады:
•сабаққа шашты жайып, макияжбен, маникюрмен келуге;
•көлемді жарқыраған әшекейлерді тағуға;
•неформальды жастар ағымына жататын атирубуттарды қолдануға;
•ұялы байланыс құрылғыларының атритуттарын (құлаққа салғыш, минимикрофондар) пайдалануға;
•Іш киім стильіндегі, джинси, дискотекалық киімдерді киюге;
•Діни ағымға жататынын айқындайтын киімдерді киюге (хиджаб, паранджа. т.б.);
•Қыздарға оқулықтар мен дәптерлерге арналмаған кішкентай әйелдер сөмкесін ұстауға;
2.15. Әрбір оқушы қымбат ұялы телефон (смартфон), планшет (іРаd), МР3 плеер және құлаққа салғыш алып келуге қатаң тыйым салынғанын білуі тиіс және орындауға міндетті.
2.16. Мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшінің рұқсатынсыз сабақ, үйірме, сабақтан тыс іс-шаралар аяқталғаннан кейін оқушылардың мектеп-гимназия ғимаратында болуына құқығы жоқ.
2.17. Мектеп-гимназия аумағынан тыс барлық жерлерде оқушылар өз ар-намысымен ұжданын сақтап, мектеп-гимназияның атына кір келтірмеуі тиіс
3.Оқушылардың сабақ үстіндегі тәртібі
3.1.Мұғалім сабаққа кіргенде, амандасу белгісі ретінде, оқушылар орындарынан тұрады, мұғалім сәлемдесіп отыруға рұқсат бергенде орындарына отырады. Сабақ уақытында сыныпқа кірген кез келген ересек адаммен осылай амандасады.
3.2. Сабақ уақытында шулауға, сабаққа керексіз істермен шұғылдануға, ойнауға, сабақтан тыс қалып, басқа оқушылардың назарын өзіне аударуға болмайды. Сабақ уақыты тек оқу мақсатында болуы тиіс. Мұғалім (сынып жетекші) оқушының күнделігін талап еткен жағдайда бірден көрсетілуі тиіс. Күнделік ұқыпты толтырылуы қажет.
3.3. Сабақ уақытында оқушы сыртқа шыққысы келсе, қолын көтеріп, мұғалімнен рұқсат сұрауы тиіс.
3.4.Оқушы мұғалімге сұрақ қойғысы келсе немесе мұғалімнің сұрағына жауап бергісі келсе қолын көтереді. Қоңырау мұғалім үшін беріледі. Мұғалім сабақ аяқталғанын хабарлаған кезде ғана оқушылар сынып бөлмесінен шыға алады.
4. Оқушылардың сабаққа дейінгі, үзілістегі және сабақтан кейінгі тәртіп ережелері
4.1. Сабақ басталғанға дейін: бірінші қоңырау соғылғанға дейін сынып бөлмесіне келіп, бірінші қоңыраудан кейін мұғалімнің рұқсатымен сыныпқа кіріп, сабаққа дайындалу керек.
4.2.Үзіліс кезінде оқушылар міндетті:
•өз орындарында тазалық сақтап, ретке келтіруге;
•сыныптан шығуға;
•коридорда, баспалдақта оң жақпен жүруге,
•кезекшілердің талаптарын орындауға;
•мұғалімнің өтініші бойынша сыныпты келесі сабаққа дайындауға;
4.3. Үзіліс кезінде оқушыларға тыйым салынады:
•терезе жақтаулары жақын орындарда, баспалдақтарда және ойнауға арналмаған жерлерде жүгіруге;
•өзара мәселе туындаған жағдайда оны шешу үшін күш қолданып, заттарды лақтыруға, бірін-бірі итеруге;
•шулауға, сөзбен, іс-қимылмен әдепсіздік танытуға, басқалардың демалуына кедергі келтіруге;
4.4 Сабақ аяқталған соң:
Әдептілік пен мәдениетті тәртіпті сақтай отырып ұқыпты киініп, үйге қайту
4.5 Оқушылардың асханадағы тәртібі:
•Асхана қызметкерлері мен мұғалімдердің талабын орындау;
•Тамақ сатып алғанда кезек күту;
•Асханадан сатып алынған тамақ пен сусындарды ішу;
•тамақтанып болған соң өз орныңды жинау;
5. Ата-аналар және өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттері
5.1. Оқушылардың ата- аналары міндетті:
- оқушылардың мектептің Жарғысы мен ішкі тәртіп ережелерін қатаң сақтауын қадағалауға;
- мектеп педагогтарына балалардың білімді табысты игеруіне барынша көмектесуге;
- мектептің педагогикалық ұжымымен, балалармен және қызметшілермен қарым - қатынас жасау барысында этикалық нормаларды сақтауға;
-ата-аналар (заңды өкілдер) жалпы мектепішілік және сыныптың ата-аналар жиналысына қатысуға ;
- ата - аналар қоғамының қызметіне белсенді түрде қатысуға;
- білім беру мекемесіндегі сабақтарға балалардың қатысуын қамтамасыз етуге;
- «үй - мектеп», «мектеп – үй» бағытындағы балалардың өмірі мен денсаулығына жауапты болуға;
- өз балалары мектеп мүлкін бұзған жағдайда материалдық жауапкершілікке тартылуға;
- сыныптан тыс және мектептен тыс іс - шаралар ұйымдастыру мен өткізуге көмектесуге;
- ынтымақтастық келісімшартында анықталған басқа да барлық қосымша міндеттерді орындауға;
5.2. Оқушылардың мектеп формасында келуін қамтамасыз етеді. (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы, 13 тармақ):
5.3. Қазақстан Республикасының «Балаларды қадағалаусыз қалдырудың алдын алу және жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу» Заңының, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 443 - бабы негізінде, («кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын жайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы - заңды өкілдеріне айыппұл салуға әкеп соғады») демалыс және каникул күндері сабақттан тыс уақыттарында баланың тәртібін қадағалайды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың жеке қауіпсіздігі, жолда жүру ережесі мен өрт қауіпсіздігін сақтауына ықпал етеді.
5.4. Ата-аналар(заңды өкілдер) мектеп-гимназия оқушыларына қымбат ұялы телефон (смартфон), планшет (іРаd), МР3 плеер, сағат (GPS) және құлаққа салғыш алып келуге қатаң тыйым салып және оны мектепке алып келмеуін қадағалауға міндетті.
5.5. Оқушылардың ата - анасы құқылы:
- Белгілі бір оқу кезеңінің аттестациясына сәйкес мектеп - гимназияның ғылыми - әдістемелік кеңесінің алдында өзінің баласының бір сыныптан екінші қатарлас сыныпқа ауыстырылуы туралы сұраныс жасауға;
- өз баласының жеке дара жоспар бойынша оқуы жайлы, экстернатқа дейін ауысуы туралы сұраныс жасауға;
- өз баласына келісімшарт негізінде қосымша қызмет алуға;
- өз баласын басқа білім мекемесіне ауыстыруға;
6. Мектеп қызметкерлерінің негізгі міндеттері:
6.1. Мектеп Жарлығында жазылған міндеттерді, лауазымдық нұсқауларды қатаң сақтау.
6.2. Әкімшілік бұйрығын уақытында орындау, берілген жұмыс уақытын сақтау, еңбек тәртібін сақтап, жұмысқа уақытында келу.
6.3. Міндетті түрде іскер киім үлгісін сақтау (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Педагогикалық әдеп қағидаларын бекіту туралы» 2016 жылғы 8 қаңтардағы №9 бұйрығы, 3 тармақ,10 тармақша);
6.4. Еңбектің жоғары нәтижесіне жету үшін жұмыс сапасын жоғарлатуға талпыну, орындау тәртібін сақтау, үнемі шығармашылық талапта болу.
6.5. Әртүрлі іс – шараларды өткізуде немесе дайындауға өте ұқыпты болу, өрт қауіпсіздігі және еңбек қауіпсіздігінің нұсқауларын қатал сақтау.
6.6. Жарақат болған жағдайда, оның ауыртпашылығына қарамай мектеп жетекшілеріне хабарлап, алғашқы көмек көрсету, қажет болған жағдайда жедел жәрдем шақыру.
6.7. Жұмыс орнын таза ұстау, құнды заттар мен құжаттарды бекітілген тәртіп бойынша сақтау;
6.8. Заттар, жылу мен тоқ көзін үнемді жұмсау. Оқушыларды мектеп мүліктеріне , заттарына ұқыпты қарауға тәрбиелеу;
6.9. Медициналық байқау тәртібі бойынша белгіленген мерзімде медициналық байқаудан өту, қажет болса егілу;
6.10. Мұғалімдер сабақ және қоңырау кезінде өзіне бекітілген аумақтағы оқушылардың өмірі мен денсаулығына жауапты.
6.11. Мұғалім оқушы сабаққа кешігіп келсе, мектеп әкімшілігіне хабарлауы керек. Егер оқушы кітап немесе оқу құралдарын үйде ұмытқан жағдайда мұғалім баланы үйге жіберуге, тәртіп бұзғаны үшін сыныптан шығарып жіберуге құқысы жоқ. Сондай-ақ, тәртібі үшін мұғалім журналға «2» қоюға құқысы жоқ.
6.12. Сабақ біткен соң мұғалім оқушыларды қатаң түрде төмендегі жағдайларда ғана ұстауға құқылы:
- сынып сағаттары мен жиналыстарда;
- сыныптан тыс және мектеп бойынша мерекелерде;
- сынақтар, қосымша сабақтар кезінде.
Басқа жағдайлар тек мектеп әкімшілігінің келісімімен;
6.13. Мектепішілік кезекшілік кезекші әкімшілікпен (кесте бойынша), кезекші мұғалімдер мен кезекші сыныптар, этаж бойынша кезекші мұғалімдермен (кесте бойынша) атқарылады. Егер кезекшілік мұғалімнің әдістемелік күніне түсіп тұрса, кезекшілікке жіберілмейді. Кезекші әкімшілік және мұғалім сабақ басталғанға дейін 30 минут бұрын мектепте болуы керек.
6.14. Өрт және басқа да апаттың кезінде мұғалімдер бекітілген эвакуацияның жоспарымен жұмыс істейді.
6.15. Педагогика қызметкерлері педагогика кадрларының аттестация жағдайына сәйкес 5 жылда бір рет аттестациядан өтеді.
Кезекші мұғалім жауапты:
- сыныптың мектеп бойынша кезекшілігіне;
- қоңыраудың уақытылы соғылуына;
- мектеп ішіндегі тәртіптің орындалуына;
- қабаттардағы кезекшіліктерге.
7. Педагогтар мен қызметкерлердің жұмыс уақыты және оның қолданылуы.
7.1. Мектеп 2 ауысымда жұмыс істейді. 1 ауысым – 8.00 – дан 13.35- ке дейін, 2 ауысым – 14.00- ден 19.35 – ге дейін. Мұғалімдер мектепке сабақтың басталуына 15 - 20минут қалғанда келу керек. Бұл уақыт кабинетті санитардық - гигиеналық нормаға сәйкес дайындауға арналған.
7.2. Мұғалімнің жұмыс істеу тәртібі мына жағдайларда ұзарады:•
-педкеңестерді өткізу;
-директордың қатысуымен өтетін жиналыс,
-әдістемелік бірлестіктің отырысы, әдістемелік кеңес семинары;
7.3. Мұғалімдер сабаққа қоңырау соғылысымен кіріседі, сонымен бірге қоңырау соғылғаннан кейін сабақты кешігіп бастауы рұқсат етілмейді, бұл мұғалімнің жұмыс орнында жоқтығын білдіреді.
7.4. Каникул уақыты жұмыс уақыты болып саналады. Каникул уақытында мұғалімнің жұмысы оқу жүктемесіне байланысты іске асады. Каникул уақытында себепсіз жұмысқа келмей қалу жұмыстан кетумен бірдей.
7.5. Қызметкерлердің ауырып қалу себебін, еңбекке жарамсыз парағының ашылуы туралы күні бұрын мектепке хабарлауы керек. Жұмысқа шығуы туралы мәліметті алдын – ала хабарлау керек. Жұмысқа шыққан алғашқы күні-ақ еңбекке жарамсыз парағы мектеп дирекорына берілуі керек.
Кезекші әкімшілік қызметкері өз уақытында мұғалімдер мен оқушыларға сабақтың ауысуы туралы мәлімет беру керек.
7.6. Педагог қызметкерлерге және мектептің қосымша қызметкерлеріне тыйым салынады:
- Сабақ кестесін өзгертуге;
- Сабақтың өту уақытын қысқартуға, өзгертуге;
- Оқушыларды мұғалімсіз кабинетте жалғыз қалдыруға;
- Сабақтан оқушыларды себепсіз шығаруға;
- Әріптестерін кәсіби міндеттерінен алаңдатуға;
- Оқушыларға педагогикалық қағидатқа тән емес әрекет жасауға;
- Ұялы телефондарды сабақ үстінде пайдалануға тыйым салынады;
- Ата-аналар және оқушылардан ақшалай қаржы жинауға тыйым салынады.
7.7. Сынып жетекшісі сынып оқушыларының асханада тамақтануын және асханадағы тәртіпті сақтауын қадағалайды.
7.8 Мектепішілік тәртіп бірыңғай болып табылады және педагогикалық қызметкерлер бұл тәртіпті орындауға міндетті.
7.9. Мектепішілік тәртіпті бұзғаны үшін мектеп қызметкерлеріне сөгіс жариялайды:
- ескерту;
- сөгіс;
- жұмыстан босату;
7.10. Жұмыстағы жоғары көрсеткіштері, лауазымдық міндеттерін жауапкершілікпен орындағандары, шығармашылығы және талаптары үшін қызметкер марапатталады.
Ішкі еңбек тәртібінің Ережелерін орындалуын бақылау мектеп әкімішілігі және кәсіподақ бірлестігіне жүктелген.
8. ОҚУ ТӘРТІБІ
8.1. Мектепте сабақ басталады және кестеге сәйкес жүргізіледі.
8.2. Ата - аналар мектепке келуге және мұғалімдермен соңғы сабақ аяқталғаннан кейін немесе мұғалімнің сабақтан бос кезінде әңгімелесуге құқылы.
8.3 Оқушы сабаққа немесе жалпымектептік іс - шараларға нақты себептерсіз келмей қалса, ата - аналар түсінік хатын немесе медициналық анықтама тапсыруы керек.
Нақты себептерге мыналар жатады:
1) жеке ауруы;
2) дәрігерге баруы (талон немесе анықтама ұсынылады);
3) міндетті түрде қатысуды талап ететін отбасындағы шұғыл жағдайлар (ата -аналар өтінішімен расталады);
4) Әкімшілікпен келісім бойынша сабақтардан босату (ата - аналар өтініші бойынша)
8.4. Мектеп әкімшілігі мектепте бір үлгіде киім киюді енгізу құзіреттілігін өзіне қалдырады. Сабаққа ұқыпты киіммен қатысу, таза киім мен аяқ киім кию оқушылар үшін жалпыға ортақ тәртіп болып саналады, осылайша балалар нақты тәртіпке үйренеді, өздерін оқушы ретінде және бір ұжым ретінде сезіну мүмкіндігіне ие болады. Қазақстандық оқушы үшін мектеп үлгісіндегі киім:
Ұлдарға - пиджак, көкірекше, шалбар, ақ түсті көйлек және галстук;
Қыздарға - пиджак, көкірекше, белдемше,ақ түсті офистік жейде, бас киімсіз;
8.5. Егер оқушының денсаулығына немесе отбасылық жағдайларға байланысты сабақ аяқталмай тұрып үйіне кетуі тиіс болса, ол оқу бөлімінен сабақтан босату туралы рұқсат алып, сынып жетекшісі ата – анамен хабарласып, ата-ана мектепке келіп оқушыны алып кетуі тиіс.
8.6. Оқушылар мектеп аймағында жүргенде тәртіптілік, зиялылық нормаларын сақтауы тиіс, өз білім мекемесінің ережелері мен дәстүрлерін құрметтеуі, жеке басының және өз құрдастарының, оқытушыларының, мектеп қызметкерлерінің, сонымен қатар мектепке келушілердің ар - намыстарын жоғары бағалауы керек. Оқушылардың мектеп ғимаратына және оның аумағына қоқыс тастауына, әкімшілік өкілдері, оқытушылар мен мектеп қызметкерлері тарапынан жасалған ескертулер мен талаптарға немқұрайды қарауына, оқушыларға арналмаған қызметтік мекемелерге рұқсатсыз баруына тыйым салынады
8.7. Мектепте темекі шегуге қатаң тыйым салынады. (Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 25-тарау, 159-бап, 5- тармақ 1-тармақшасына сәйкес)
8.8 Жалпыға ортақ жүріс - тұрыс ережелеріне сәйкес әрбір сабақтың басында оқытушы келгенде, сондай-ақ дәрісханаға өзге де үлкен кісілер кіргенде оқушылар орындарынан тұрып қарсы алулары керек. Сабақ аяқталып, қоңырау соғылса, тек қана оқытушы рұқсат еткен жағдайда ғана оқушылар дәрісханадан шыға алатындығын естеріне сақтауы қажет.
8.9 Сабақ уақытында оқушылар өз жолдастары мен мұғалімге кедергі жасамай, тек қана оқу қызметімен айналысуы керек.
8.10. Егер оқушыға сабақ кезінде біршама уақытқа дәрісханадан шығу қажет болса, ол мұны мұғалімнен рұқсат алып, көпшіліктің назарын өзіне аудармай, айналасындағылардың көңілін алаң еткізбей жасауы керек.
8.11. Бастауыш сынып оқушылары үшін ауыстыратын аяқ киімнің болуы міндетті.
8.12. Сабақ басталғанға дейін бос уақыт болса, оқу үрдісі жүріп жатқан дәрісхананың жанында немесе мектеп қызметкері жұмыс жасайтын қызметтік және өндірістік ғимараттардың қасында шулауға болмайды.
8.13. Егер оқушы сабақтан кейін мектепте қалатынын анық білсе, ол жайында ата - анасын хабардар етуі керек. Егер сабақтар күнделікті уақыттан кеш аяқталады деп жоспарланса, оқушылар ол жайында ата- аналарына ескертулері керек.
8.14. Оқушылар өз бетімен мектептің мүлкіне, жиһазына, құрал жабдықтарына материалдық шығын тигізбеулері қажет. Жасалған шығын үшін материалдық жауапкершілік ата - аналарға жүктеледі.
8.15. Сынып оқушылары қажеттілікке қарай сыныпқа бекітілген ауданға жалпы тазалау жұмысын жүргізуді ұйымдастырады.
8.16. Мектеп оқушыларының мектеп ғимаратында ұялы телефонды пайдалануына тыйым салынады. Дыбыссыз қалыпта «оқушы - ата - ана», «ата - ана – оқушы» СМС хабарлама жіберуге ғана рұқсат етіледі. Телефон аппараты жоғалған жағдайда мектеп жауапкершілікті өз мойнына алмайды.